(ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОДЕКСІ «ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ», 2, 3 - БӨЛІМ, 12, 16 - ТАРАУ, 77, 80, 134, 135 - БАП, 2020 ЖЫЛҒЫ 07 ШІЛДЕДЕГІ №360-VI)
Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге;
3) дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауға;
4) пациент стационар жағдайында емделуде болған жағдайда емдік тамақ алуға;
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен қосымша медициналық көмекке;
6) ақылы негізде медициналық және өзге де көрсетілетін қызметтерді алуға;
7) көрсетілімдер болған кезде бюджет қаражаты есебінен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде медициналық көмек алуға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды алуға және олардың берілуіне;
9) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурудың профилактикасы, оны диагностикалау, емдеу және медициналық оңалту әдістері, клиникалық зерттеулер, мекендеу ортасының жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар, дұрыс тамақтану мен тағамдық өнімдердің қауіпсіздігі туралы анық ақпаратты өтеусіз және тұрақты түрде алуға;
10) мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сараптама ұйымдарынан және дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
11) медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтердің қорғалуына;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өз құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына;
14) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
15) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы жоғары тұрған органдарға өтінішхат беруге;
16) донор ретінде әрекет ету мүмкіндігі туралы ерікті түрде ерік білдіруге;
17) қайтыс болғаннан кейін осы Кодексте айқындалған тәртіппен трансплантаттау мақсатында өздерінен тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) алуға келісу не алудан бас тарту туралы ерік білдіруге;
18) емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға;
19) бірлесіп төлеуге;
20) жазылмайтын созылмалы ауруларды емдеу кезінде ауырсынуды басатын ем алуға;
21) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты, оның ішінде медициналық зерттеп-қарау нәтижелері, диагнозы туралы және аурудың болжамы, медициналық көмек көрсету әдістері, олармен байланысты тәуекел, медициналық араласудың ықтимал түрлері, оның салдарлары мен медициналық көмек көрсету нәтижелері туралы мәліметтерді қолжетімді нысанда алуға;
22) аурулардың профилактикасы туралы ақпаратты қоса алғанда, денсаулықты сақтауға ықпал ететін немесе оларға жағымсыз әсер ететін факторлар, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық, қоршаған ортаның жай-күйі, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам денсаулығы үшін ықтимал қауіптілігі, тамақтанудың ұтымды нормалары, өнімнің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы анық және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар;
23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
2. Әйелдердің отбасын жоспарлау және өз денсаулығын сақтау мақсатында ана болу туралы мәселені шешуге және қаламаған жүктіліктің алдын алудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) репродуктивтік жастағы әйелдерге медициналық қарап-тексерулерді жүргізумен, оларды динамикалық байқаумен және сауықтырумен;
2) әйелдердің репродуктивтік денсаулығына және науқас баланы күтіп-бағу бойынша стационарға түскен кезде баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдері бойынша емдеумен қамтамасыз етіледі.
Пациенттердің құқықтары
1. Пациенттің осы Кодекстің 12-тарауында көрсетілген құқықтардан басқа:
1) профилактика, диагностика, емдеу процесінде өзіне лайықты қарауына, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;
2) қандай да бір кемсітушілік факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық өлшемшарттар негізінде айқындалатын кезектілікпен медициналық көмекке;
3) шұғыл және кезек күттірмейтін көмек көрсету жағдайларын қоспағанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрігерді немесе медициналық көмек ұсынатын медициналық ұйымды таңдауға, ауыстыруға;
4) медициналық ұйымда аудио-, және (немесе) бейнебайқау және жазба жүргізілетіндігі туралы құлақтандырылуына;
5) медициналық технологиялардың қолда бар деңгейінің қаншалықты мүмкіндігі болса, сондай шамада дерт азабының жеңілдетілуіне;
6) өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат (пациентке қолжетімді нысанда ұсынылатын және балама емдеу әдістерінің ықтимал тәуекелі мен артықшылықтары туралы деректер, емделуден бас тартудың ықтимал салдары туралы мәліметтер, диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпарат, сондай-ақ оны үйіне шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептерінің түсіндірмесі) және тәуелсіз пікір алуға және консилиум өткізілуіне;
7) көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған адамдар үшін қолжетімділік ескеріле отырып, өз құқықтары мен міндеттері, көрсетілетін қызметтер, ақылы көрсетілетін қызметтердің құны және бірлесіп төлеу мөлшері, олардың ұсынылу тәртібі; тағайындалатын дәрілік зат; өзіне медициналық қызметтер көрсететін медицина қызметкерлері туралы ақпаратты алуға;
8) оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық емшаралардың жүргізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.
Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері
Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға ортақ жауаптылықта болуға;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын орындауға;
5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы аурулар бар болған кезде оларды басқару бағдарламаларына қатысуға, ауру мен оны емдеу әдістері, ықтимал тәуекелдер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;
6) медицина қызметкерлеріне өз организмінің жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;
7) өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығын сақтау бойынша сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша зерттеп-қараудан және емделуден өтуге, медициналық персоналды айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық және өзге де ауруларының өздерінде бар екендігі туралы хабардар етуге;
8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
АИТВ инфекциясын қоспағанда, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.
Пациенттердің міндеттері
1. Пациент осы Кодекстің 12-тарауында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста құрмет пен сабырлық танытуға;
3) ауруға диагноз қою және оны емдеу үшін қажетті барлық ақпаратты дәрігерге хабарлауға; медициналық араласуға келісім бергеннен кейін медицина қызметкерлерінің тағайындауын мүлтіксіз орындауға;
4) медициналық көмек алу кезінде медициналық ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медицина персоналымен ынтымақтастықта болуға;
5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік туындаған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлеріне уақтылы хабарлауға;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын әрекеттер жасамауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
2. Пациенттердің осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген міндеттері стационарда ауру балаға күтімді тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.
_____________________________________________