2018 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «БЖЗҚ» АҚ-тың маңызды көрсеткіштеріне шолу
Алматы, Қазақстан – 2018 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,8 трлн теңгені құрады.2018 жылдың 1 ақпанына қарай шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,10 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,62 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ саны 444 мың бірлікті, ал ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу (ЕЗЖ) бойынша - 39 мың бірлікті құрады.
2018 жылдың қаңтар айында зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 65,3 млрд теңге болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 4,5 млрд теңгеге артты, яғни өсім 7 пайызды құрады.
Зейнетақы жүйесінде болғанына 16 жылдан асқан, зейнеталды жасындағы ерлердің зейнетақы жинақтарының орташа сомасы шамамен 2,6 млн теңгені, ал әйелдерде – шамамен 2 млн теңгені құрады. Зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударатын (жылына 9 реттен кем емес), зейнеталды жасындағы ер азаматтардың жинақтарының сомасы 3,3 млн теңгеге жуық болса, әйелдерде шамамен 2,3 млн теңгені құрады.
2018 жылдың 1 ақпанына қарай БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 9,8 млрд теңге болды. Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 0,13 пайызды құрады.
Бұл ретте, егер табыстылық пен инфляция деңгейін жылдық тұрғыда салыстырып қарайтын болсақ (2017 жылдың қаңтары мен 2018 жылдың қаңтары аралығы), бұл көрсеткіштер сәйкесінше 7,88 және 6,8 пайызды құрады.
2017 жылдың қаңтар айында БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 48,9 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 1,3 млрд теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде Қордан 43,14 млрд теңге төленсе, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 2,09 млрд теңгені құрады.
Бүгінде салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты (оның ішінде есептелген инвестициялық табысты) Қор кеңсесінде, сондай-ақ дәстүрлі пошта байланысы, электрондық пошта, Қор сайты немесе ұялы қосымша арқылы ала алады.
2017 жылдың маусым айынан бастап қарапайым да ыңғайлы жаңа электрондық сервистер іске қосылды. Қазір сол электрондық сервистерді пайдаланушылар саны арта түсуде. Салымшылар Қордың кеңселеріне келмей-ақ, қашықтықтан БЖЗҚ сайты арқылы барлық дерлік маңызды операцияларды жүзеге асыра алады. 2018 жылдың қаңтар айында шамамен 100 салымшы жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде электрондық өтініш жолдаған. Салыстырып қарайтын болсақ, 2017 жылдың екінші жартысында, яғни электрондық сервистер іске қосылғаннан бері шамамен 250 адам осы қызметті пайдаланған. Яғни, бір айдың ішінде өсім 60 пайызды құрады. Ал өздерінің деректемелеріне өзгерістер енгізген салымшылардың саны бір ай ішінде шамамен 950 адамды құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың екінші жартысында 1 180 адам осы сервисті пайдаланған. Қор сайтында электрондық сервистер іске қосылғалы бері оларды 3,5 мыңға жуық адам пайдаланып үлгерген.
Айта кетелік, БЖЗҚ міндеттерінің бірі – сапалы кеңес беру қызметін көрсету және Қор салымшылары мен алушылары үшін ақпарат арналарын дамыту. 2018 жылдың қаңтар айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда салымшылардың кері байланыс арналары арқылы жасаған өтініштерінің саны 64 пайызға артты.
БЖЗҚ халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына ерекше көңіл бөледі: «Мобильдік агент» жобасы аясында ағымдағы жылдың қаңтар айында барлығы 590 рет көшпелі қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 125 бірлікке артық. Яғни, өсім 27 пайызды құрады.
Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жалғасып жатыр. 2018 жылдың қаңтар айында 1 543 көшпелі тыныстырылымдық шара өткізілді. Шамамен 49 мың тұрғын қамтылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 есе көп.
Қазіргі уақытта МЗЖ бойынша ЖЗШ ашқан, бірақ бірде-бір жарна салмаған, сондай-ақ жеке зейнетақы шоттарына үш және одан да көп жыл барысында зейнетақы жарналары түспеген салымшыларға телефон шалу жұмыстары басталды. Ондағы мақсат – бұл салымшылардың деректерінің мәртебесін айқындау.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz