БЖЗҚ қашықтықтан ақпарат және кеңес береді
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының акционері мен директорлар кеңесі Қор қызметінің барынша ашық болуына, Қордың салымшылары және зейнетақы төлемдерін алушыларымен тиімді коммуникациялық байланыс орнатуға айрықша мән береді. Қор өз кезегінде бұл үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланды. Ай сайын брифингтер, үш ай сайын баспасөз мәслихаттары өткізілді. Жазғы қаржы журналистикасы мектебі ұйымдастырылды. 2017 жылы Қор бастамасы бойынша республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 15 мыңдай материал жарық көрді. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 3 есе және оған дейінгі үш жыл ішіндегі көрсеткіштерден 2,3 есе артық. Сондай-ақ, БЖЗҚ филиалдық желісінің қызметкерлері 2017 жылы кәсіпорындар мен ұйымдарда 18 мыңнан астам көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізді. Оларға 557 мыңнан астам адам қатысты. Осылайша, жарты миллионнан астам қазақстандық осындай кездесулер барысында өздерін мазалған сұрақтарға жауап алды.
Астана мен Алматы қалаларының және барлық облыс әкімдіктерімен ынтымақтастық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара әрекеттесу туралы Меморандумдарға қол қойылды. Ал бұл, Қорға ел өңірлерінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бекітілген кестеге сәйкес жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге аудан орталықтарында журналистердің қатысуымен 283 кең көлемді таныстырылымдық шара өткізіліп, оларға 27,4 мың адам қатысты. Бұл ретте аудандарда, ауылдық округтарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше мән берілді.
Айта кетелік, 2017 жылы ақпарат алудың электрондық тәсілі таңдалған жеке зейнетақы шоттарының саны 2016 жылмен салыстырғанда 1,9 млн бірлікке немесе 66 пайызға артты. Сөйтіп, 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай шамамен 4,7 млн бірлікті құрады. Нақты айтар болсақ, шамамен 0,8 млн адам үзінді-көшірмені электрондық мекенжайға алатын болса, 3,9 млн адам ақпаратты Қор сайты немесе әр түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие болды. Бір жыл ішінде ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 2,4 есеге артып, 1,2 млн бірлікті құрады.
2018 жылдың алғашқы тоқсанында электрондық хабарлау тәсілін пайдаланушылардың саны 294,7 мың адамға артты. 2018 жылдың 1 сәуіріне қарай 5 миллионнан астам адам зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдады. Оның ішінде 823 мыңнан астам адам үзінді-көшірмені электрондық мекенжайға алатын болса, 4,2 миллионнан астам адам бұл үшін Қор сайтын немесе ұялы қосымшасын пайдаланады.
Сондай-ақ, БЖЗҚ қашықтықтан байланыс жасау арналарын белсенді түрде дамытып жатыр. Байланыс орталығы, Қор сайтындағы «Кері байланыс» және «Онлайн чат» нысаны арқылы, қағаз жүзінде, «Пікірлер мен ұсыныстар кітабы» және әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан Қорға 405 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бірде-бір сұрақ жауапсыз қалған емес.
\Әрбір өтініштің, әрбір операцияның артында Қор қызметкерлерінің қажырлы еңбегі, нақты бизнес-үдерістер тұр. 2017 жылы бизнес-үдерістер тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін күшейту тұрғысында қайта қаралды.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz